Біздің Telegramдағы https://t.me/railways_kz арнамызға жазылыңыздар.

Ақкөл станциясында қайта құру жұмыстарынан кейін темір жол жолаушылар платформасы ашылды

Ақкөл станциясында қайта құру жұмыстарынан кейін темір жол жолаушылар платформасы ашылды

Биыл 12 маусымда қайта құру жұмыстарынан соң Ақкөл станциясында жолаушыларға арналған платформа ашылды.

Осыған орай өткізілген шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының басшылары, жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.

Ақмола магистральдық желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Нағызхан Тұрсынбаевтың айтуынша, қайта құру барысында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар көрсетілетін қызмет сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында платформа габариті кеңейтіліпті.

«Барлық жұмыстар құрамы 12 адамнан тұратын жөндеу-құрылыс бригадасы тобының күшімен атқарылды. Қайта құру жұмыстары қысқа мерзімде – 27 күнде жүргізіліп бітті. Жаңа жолаушылар платформасының ұзындығы - 108 м, ені – 4,5 м. Дәл осындай жұмыстар былтыр Бурабай курорты станциясында да жасалған болатын. Сонымен бірге осы жылы Ерейментау ауданындағы Едіге станциясының да платформасын жақсартуды жоспарлап отырмыз, - деп мәлімдеді Н. Тұрсынбаев.

Бүгінгі таңда өткізгіштік қабілеті тәулігіне 26 пойыз және 100-ден астам жолаушыны құрайтын Ақкөл темір жол вокзалының жолаушылар платформасы барлық қажетті талаптарға сай келеді және жолаушылардың жайлы және ыңғайлы жағдайда мініп, түсуін, қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етеді.

Жергілікті тұрғындар атынан аудан әкімінің орынбасары Вадим Елисеев жаңартылған платформа үшін теміржолшыларға алғыс айтып, бұл игілікті іс қалаға туристердің келуіне оң ықпал етеріне сенім білдірді.

         «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Пайдалы сілтемелер