Біздің Telegramдағы https://t.me/railways_kz арнамызға жазылыңыздар.

Стратегиялық маңызды жүк

Стратегиялық маңызды жүк

Ағымдағы жылдың 13 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында көмір өнеркәсібінің бірінші форумы өтті.

Оған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, мемлекеттік органдар мен көмір өндіретін кәсіпорындар, ғылыми және зерттеу институттарының жетекшілері, сонымен қатар халықаралық сарапшылар қатысты.

Шараға қатысушылар көмір өнеркәсібінің бүгінгі ахуалы мен даму болашағы, оның Қазақстанның отын-энергетикалық кешеніндегі рөлі, саланың бәсекеқабілеттілігін арттыру мен технологияны жаңғырту мәселелерін талқылады.

Форумда сөз алған «ҚТЖ»ҰК»АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов теміржолшылар үшін көмір тасымалы әлеуметтік маңызды жүк болғандықтан басты басымдықтың бірі болып табылатынын жеткізді және 2018 жыл мен 2019 жылдың бес айы қорытындысы бойынша қатты отынның тиелімі жайлы ақпарат берді.

Өткен жылы 105 млн тоннадан астам көмір тиелген, бұл дегеніміз 2017 жылғы деңгейден 3% көп. Ал ағымдағы жылдың басынан бері тиеу 41 млн тоннаны құраған. Сонымен қатар экспортқа 12,7 млн тонна тиелген, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 5% артық.

Қ. Әлмағамбетовтың айтуынша, көлемді экспорттық бағытта өсіру әлеуеті бар. Қазірдің өзінде Ресейге, Қырғызстанға, Белорусь пен Румынияға ай сайын жалпы 200 мың тонна көлемде көмір жөнелтуге қосымша өтінім бар.

Осыған байланысты, мәлімделген көлемді тиеуді толықтай қамтамасыз ету үшін шектес елдердің босаған жылжымалы құрамдарын дер кезінде қайтару, вагондардың жүк операциялары бойынша тұру мерзімін қысқарту, вагондар айналымының белгіленген технологиясын сақтау бойынша тасымалдау процесіне қатысушылардың барлығының үйлесімді жұмысы қажет.

«Компанияда жылжымалы құрам жеткілікті. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 59 мыңнан астам ашық вагон тіркелген, олардың 32 мыңы көмір тасымалына жұмылдырылған»,- деп мәлімдеді Қ. Әлмағамбетов.

Сондай-ақ спикер жыл бойы көмірді біркелкі тиеу қажеттілігіне баса назар аударды.

Баға жағдайына келетін болсақ, вагондардың меншік иелерінің ставкаларын ескермегенде, көмірді сату бағасындағы көлік құрамдасы орта есеппен 2-ден 7%-ға дейін құрайды.

Вагон операторы – «Қазтеміртранс» АҚ-ның көмір тасымалдау тарифтері 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген және тасымалдау нарығының барлық қатысушыларымен келісілді. Бұл ретте темір жолмен тасымалданатын барлық номенклатура бойынша жүктердің өзге түрлеріне арналған тарифтер деңгейімен салыстырғанда ең төменгі болып табылады.

"Қазтеміртранс" АҚ жүк жөнелтушілердің кепілді тиеу көлеміне вагондармен қамтамасыз ету бойынша оператор тарифінің ставкасын белгілей отырып келісім жасауға дайын. Келісім өзара жауапкершілікті көздейді.

Пленарлық отырыста талқылаудың қорытындысы бойынша форум қатысушылары резолюция қабылдады, онда көмір саласының ел экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығын, энергетикалық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді атап өтті.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Пайдалы сілтемелер