Ардагер-теміржолшы Зиядин Минбаев 100 жасқа толды

 Ардагер-теміржолшы Зиядин Минбаев 100 жасқа толды

 2019 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл темір жол бөлімшесінің ардагері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Зиятдин Абзалұлы Минбаев өзінің бір ғасырлық мерейтойын атап өтті.

Айтулы датамен оны өзі ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген және сол жерден құрметті зейнетке шыққан Жамбыл вагондарды пайдалану депосының қызметкерлері құттықтап келді. Депо басшысы Марат Мырзахметов және Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев жергілікті теміржолшылар атынан мерейтойы иесін құттықтап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ ақсақалға теледидар сыйға тартты.

«Жүз жасаудың сыры неде деп сұрайды менен келгендер. Арың таза, еңбегің адал болса – міне оның басты сыры осы. Ел үшін еңбек еттік. Ол заманда сенікі, менікі деген болмайтын. Қоғам мүлкінің мұртын бұзбай ұстай білдік. Ерінбей жұмыс істедік Қоғам еңбек адамының қадірін көтерді. Міне, осылай. Әрине, жыл өткен сайын майдандас қатарластарымның қатары селдіреп келе жатқаны өкінішті. Бұл – өмір. Ал өмір көші бір орнында тұрмайды. Жаңа жылда елімізге амандық, бейбіт заман тілеймін», - деді ғасыр жасаған Зиядин қария.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Ақшораев теміржолшылар өз ардагерлерін ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға қолдау мен көмек көрсетіле беретіндігін алға тартты. Бұл игі дәстүр алда әлі де жалғасын табатын болады.

   

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Пайдалы сілтемелер