Слайд



Жолаушылар Жүк жөнелтушілер

Онлайн билет сатып алу

Тізімінен станцияны таңдаңыз, содан кейін станцияның атын теруді бастаңыз

Компания тарихы

 

Қазақстан жерінде тұңғыш теміржол магистралі XIX–XX ғасырлар аралығында пайда болды (1893-1894 жылдары ұзындығы 369 км тар табанды (1000 мм) Покровская Слобода – Орал теміржол желісі салынды, оның 113 км-і қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өтті, кейін Транссібір магистралінің 190 км-і қазіргі Қазақстан аумағы арқылы Петропавл қаласының маңында өтті). Ал Қазақстан темір жолдарының даму тарихы 1904 жылы Орынбор – Ташкент магистралін ашудан басталады.

 Бұл - солтүстік-батыстағы Ресеймен шекарадан оңтүстіктегі Өзбекстанмен шекараға дейін 660 шақырымға созылған алғашқы трансқазақстандық магистраль.

 Осы кезден бастап темір жолдар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жүйе құраушы инфрақұрылымына айналды. Темір жолдар бойынан жаңа елді мекендер, қалалар салынды, өнеркәсіп салалары құрылып, дамып жатты, әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасты. Темір жолдар желісі еліміздің барлық өңірлерін көлік артериялар арқылы қосып, көлік коммуникацияларын және сыртқы әлеммен Қазақстанның тауар айналымын қамтамасыз етті.

 1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі Жетісу жолының Арыс - Пішпек телімі салынды. 1915 жылы Челябинск – Троицк - Қостанай (Қазақстан арқылы 166 км.) магистралі салынды. 1915-1917 жылдары соғылған Алтай темір жолының (Новосибирск - Семей) 122 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтті. Бұдан басқа 1918 жылға дейін 117 шақырымдық Екібастұз - Ермак тар табанды темір жолы жұмыс істеп тұрды. 1918 жылға қарай Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жетті.

Кеңес заманының алғашқы темір жолы 1920-1922 жылдары салынған Петропавл - Көкшетау учаскесі болды. Қазақстанның шалғайдағы өңірлерін дамыту және астықты шығару қажеттілігіне байланысты 1926-1931 жылдары Бурабай курорты және Ақмола станциялары арқылы Қарағандыға дейін жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асатын жол салынды. 1924 жылы Құлынды - Павлодар теміржол желісі құрылды. Ембідегі мұнай кәсіпшілігінің дамуына 1926 жылдан басталған Гурьев (Атырау) - Доссор тар табанды жолы ықпал етті.

1927-1930 жылдар аралығында салынған ұзындығы 1444 км Түркістан -Сібір (Түрксіб) магистралінің аяқталуы заманалық оқиға болды. Ол Қазақстанды Сібірмен байланыстырып, республиканың экономикалық дамуына және шөлді жерлердің игерілуіне әсер етті.

Орталық Қазақстан өнеркәсібі үшін 30-шы жылдары салынған Ақмола - Қарағанды және Қарағанды - Балқаш (490 км), ал оңтүстік үшін Шымкент -Ленгір жол учаскелері зор маңызға ие болған. Алтай тау кен өндірісінің дамуында 1930 жылы салынған Локоть - Защита (235 км), сосын Лениногорскі мен Зыряновскіге дейін созылған жол шешуші рөл атқарды.

1936-1939 жылдары Қазақстанды Орталық Ресеймен байланыстырған, Саратовқа шығатын Орал - Илецк жол учаскесі салынды.

1936-1944 жылдары соғылған, Ембінің мұнай кәсіпшілігін Оралмен байланыстырған және Ресейдің бірқатар өңірлері арасындағы қатынасты жақсартқан Гурьев (Атырау) – Қандағаш - Орск магистралі өзінің стратегиялық маңыздылығын Ұлы Отан соғысы кезінде дәлелдеді.

1939-1943 жылдары салынған Ақмола - Қарталы желісі Қарағандының көмірін Оңтүстік Оралға жеткізуді қамтамасыз еткен маңызды нысан болды. Сол жылдары Көксу – Текелі - Талдықорған және Атасу - Қаражал учаскелері іске қосылды. Қазақстандық шойын жолдың ұзындығы 10 мың шақырымға жеткізілді. Ұлы Отан соғысы кезінде теміржолдың бойында жол шаруашылығын және жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі өндірістік база құрылды.

1950 жылға қарай салынған Мойынты - Шу (440 км) жол учаскесі соғыстан кейінгі жылдардың өзекті оқиғасы болды. Осылайша, Транссібір магистралі Түркістан-Сібір жолымен бірігіп, алғашқы меридиандық желі - еліміздің бүкіл аумағы арқылы өтетін Петропавл – Көкшетау – Ақмола – Қарағанды - Шу трансқазақстандық теміржол магистралін құрайды.

Ал 1953 жылы Оңтүстік Сібір магистралінің негізгі буыдарының бірі Ақмола (Астана) - Павлодар (546 км) жолы салынды. Оның іске қосылуы Екібастұз көмір бассейнінің және осы жерге жақын өңірлердің тез дамуына жағдай жасады. (Тек 1953-1956 жылдардың өзінде Солтүстік Қазақстандағы тасымалдау көлемі 4 есеге артты).

1950 жылдары тың жерлердің игерілуіне байланысты Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде темір жол құрылысы екпінді қарқынмен жүргізіліп жатты. 1955-1961 жылдары Есіл - Арқалық (224 км), 1959 жылға қарай Қостанай - Тобыл, 1960 жылы Тобыл - Жетіқара желілері салынды. 1950 жылдары Қазақстан теміржол жүйесінің тығыздығы екі есеге артты.

1958 жылдың 1 шілдесінде КСРО-дағы ең ірі Қазақ темір жолы құрылды. Ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын ол 15 бөлімшеден құралды және Қазақстанды Сібірмен, Оралмен, Жайық өңірімен, Қырғызстанмен және Орта Азиямен қосып, барлық ендік және меридиандық магистральдарды біріктірді.

1960 жылдары шөлді өлкенің дамуына себепші болған Мақат - Маңғышлақ және Маңғышлақ - Өзен (жалпы ұзындығы 900 км) учаскелері салынды. Қазақстан мен Ресей байланысының жандануына осы кезеңде салынған Гурьев - Астрахан желісін қарқынды пайдалану зор ықпал етті.

1964 жылы Қазақстанда алғаш рет жолдың Целиноград (Астана) - Қарағанды учаскесі электрлендірілді. Осы кезден бастап темір жолды электрлендіру жұмысы алға басты. Ол негізінен республиканың солтүстік және орталық облыстарында жүргізілді. Атап айтқанда: 1969-1970 жылдары Қарағанды - Магнитогорск (1180 км) учаскесі электр тартымына ауыстырылды. 1980 жылдан бастап оңтүстіктегі Мойынты - Шу, Шеңгелді - Арыс, Арыс -Түлкібас жолдарында электрлендіру жұмысы қолға алынды. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы 4 мың шақырымға жетті.

1977 жылғы сәуір айында Қазақ темір жолы негізінде Тың, Алматы және Батыс Қазақстан жолдары құрылды.

Осы жылдары ондаған жаңа вокзалдар салынды және қайта жаңартылды. Жол техникасының, электровоздар мен тепловоздардың, байланыс және сигнализация жүйелерінің жаңа түрлері іске қосылды. 1980 жылдардан бастап автоматика және ақпараттық есептеу жүйелері өндіріске белсенді енгізілді.

1986 жылғы 20 ақпанда Қазақстан теміржол көлігі тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды: әлемде алғаш рет жалпы салмағы 43,4 мың тонна және ұзындығы 6,5 шақырым болатын жылжымалы құрамға 440 вагон тіркеліп, Тың темір жолы арқылы өткізілді.

1950 жылдардың ортасында Қытай Халық Республикасына қатынайтын темір жолдың дамуына үлкен назар аударылды. 1959 жылы Ақтоғай - Достық учаскесі салынды. 1956-1960 жылдары қазақстандық әрі қытайлық тараптан екі елдің темір жолын қосатын магистральдың құрылысы жүргізілді. Бұл жұмыстар 1988 жылы кеңес-қытай келісіміне қол жеткізілген соң қайта жаңғырды.

1990 жылғы қыркүйек айында болған темір жолдардың түйісуі нәтижесінде қазақстандық Достық станциясы мен қытайлық Алашанькоу станциясын қосатын шекара өткелі құрылды. Бір жыл өткен соң онда жүк құрамдарының қозғалысы басталып, Трансазиялық теміржол магистралінің Солтүстік дәлізі іске қосылды. Тиісінше, сол кезеңде Достық станциясының қайта тиеу қуаты артты.

Республика темір жолдарының қызметіндегі бұдан кейінгі елеулі оқиғалар Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алған кезеңде – 1991 жылғы желтоқсаннан кейін болды.

90-жылдары КСРО тарағанда Қазақстан бұрынғы Одақтың басқа республикалары сияқты экономиканың нарықтық тетіктерге көшуіне бағытталған жүйелі реформалар жағдайында болды.

Бұл шаралардың республиканың теміржол саласына да әсер етпеуі мүмкін емес еді, сөйтіп 1997 жылы саладағы қайта құрудың бірінші кезеңі басталды.

Тасымалдау процесін басқару құрылымын оңтайландырып, басы артық буындарды тарату, теміржол саласының кәсіпорындарын қаржы-экономикалық тұрғыда сауықтыру мақсатында 3 темір жол негізінде «Қазақстан темiр жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Бұдан басқа, саланың өндірістік-қаржы ахуалын жақсарту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының теміржол көлігін қайта құрылымдау және әлеуметтік сала объектілерін (мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, спор кешендері және т.с.с.) ұстауға жұмсалған қаражатты үнемдеу үшін олардың барлығын биліктің жергілікті атқарушы органдарына тапсыру туралы шешім қабылдады. Сол кезде темір жолда 6 мыңға жуық әлеуметтік сала объектілері, соның ішінде сауда-тұрмыстық жүйе, тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелері болды.

Келесі кезең Қазақстан Республикасы Парламентінің 2001 жылы «Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының теміржол көлігін қайта құрылымдаудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдауы болды. Бағдарламада жылжымалы және тартқыш құрамды жөндеу саласында көрсетілетін қызметтердің бәсекелес нарығын дамыту үшін жағдай жасау және «Қазақстан темiр жолы» РМК жөндеу филиалдарының негізінде өндірістік кооперативтер мен жекеменшік кәсіпорындарды құру көзделді.

Сонымен бірге 2002 жылы «Қазақстан темiр жолы» РМК негізінде акциялар пакетінің 100%-ы мемлекет меншігіндегі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамы құрылды. «ҚТЖ» ҰК» ЖАҚ иеленуіне және пайдалануына магистральдық теміржол желісі берілді.

Мұнымен бір мезетте мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінің 100%-ын «ҚТЖ» ҰК» ЖАҚ жарғылық капиталына бере отырып, еншілес мемлекеттік кәсіпорындары акционерленді.

2002 және 2004 жылдар аралығында қамтамасыз ету кәсіпорындары: «Әскерилендірілген теміржол күзеті», «Жолжөндеуші», «Жол жөндеу», «Қазкөліксервис», «Кедентранссервис», «Транстелеком», «Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамдары және т.с.с. құрылды.

Үшінші кезеңде 2004 жылы «ҚТЖ» ҰК» ЖАҚ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып қайта құрылып, саладағы бәсекелестікті дамытуға және жекеменшік инвестицияларды тартуға бағытталған Қазақстан Республикасының теміржол көлігін қайта құрылымдаудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.

Аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде локомотив шаруашылығы негізінде «Локомотив» АҚ құрылып, вагондардың бүкіл мүкәммал паркі дербес кәсіпорын - «Қазтеміртранс» АҚ болып бөліп шығарылды.

Бұдан басқа, салаға жекеменшік инвестициялар жасау үшін жағдай жасалды. Мәселен, тариф инфрақұрылымдық, локомотивтік, вагондық және жүк пен коммерциялық жұмыстық болып 4 құрамдас бөлікке бөлінді.

Бұл вагондар операторлары нарығын құруға және жекеше вагон паркін дамытуға жекеменшік инвесторларды тартуға мүмкіндік берді.

2005 жылдан бері жолаушы тасымалдаушылардың шығындарын өтеуге республикалық бюджеттен субсидиялар бөліне бастады.

Сол кезеңде Қазақстан экономикасы қалпына келіп, теміржол көлігімен жүк және жолаушы тасымалдау көлемі ұлғая бастады.

Өсіп жатқан жүк және жолаушы ағындарын оңтайлы және тиімді тасымалдауды (қашықтығы, мерзімдері, бағасы) қамтамасыз ету және қазақстандық өнеркәсіп пен тұрғындардың бәсекеге қабілетті және сапалы көлік-логистика қызметтеріне деген болашақтағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ Мемлекеттік басшысының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен жаңа теміржол желілерін салудың ауқымды бағдарламасын бастады.

Қазақстан темір жолдары желісінің оңтайлы ұлттық желісін құру міндеті тәуелсіздік алған соң өте шұғыл тұрды, өйткені кейбір өңірлер мен облыстар бір-бірімен қатынамайтын, олардың арасындағы көлік байланысы көрші мемлекеттің учаскелері бойынша жүзеге асырылатын.

Мысалы, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстанның теміржол байланысы Ресей арқылы өтетін желілер арқылы жүзеге асырылатын. Мұндай проблемалар басқа мемлекеттердің шекараларын 2-3 рет кесіп өту қажеттілігіне алып келді. Бұл жүк тасымалдарының қымбат болуына әкелетін, бұған жолаушылардың қосымша уақыты жұмсалатын. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жаңа темір жолдарды салу қажеттілігі айдан анық болды.

2001 жылы ұзындығы 187 км Ақсу – Дегелең жаңа теміржол желісі бойынша қозғалыс басталды. Жаңа желі Семей өңірінен Павлодар өңіріне ең қысқа жолды ашты.

2004 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған ұзындығы 404 км Хромтау – Алтынсарин теміржол желісінің құрылысы аяқталды.

2008 жылы ұзындығы 150 км Шар –Өскемен теміржол желісі пайдалануға берлген соң Қазақстан шекарасы шегінде ұлттық теміржол желісін қосу аяқталды.

Жаңа теміржол желілері еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін дамыту үшін де қажет болды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Батыс – Шығыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарында трансқазақстандық маршруттар бойынша жүк тасымалдаудың балама жолдар ішінде ең қысқасын қамтамасыз еткен 1700 км жаңа теміржол желілерін салды.

2012 жылы Жетіген - Алтынкөл (Қорғас) теміржол желісінің пайдалануға берілуі Қытаймен шекарадағы екінші теміржол өткелін қамтамасыз етті. Жаңа желі ҚХР-дан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 км-ге қысқартты.

2014 жылы Қазақстан, Түркіменстан мен Иран басшылары Өзен — Берекет — Горган халықаралық көлік дәлізі бойынша қозғалысты ашты, оның қазақстандық бөлігі пайдалануға 2012 жылы енгізілген болатын. Бұл дәліз Қытай мен Азия-Тынық мұхиты өңірінен Иранға және Парсы шығанағы елдеріне жолды елеулі қысқартты. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «іс жүзінде жаңа Жібек жолы құрылды».

Сол жылы еліміздің қақ ортасында екі жаңа Жезқазған — Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол учаскелері пайдалануға берілді.

Жаңа желілердің іске қосылуы өңірлер арасындағы ішкі коммуникацияларды, Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетінің өсуін қамтамасыз етті, сондай-ақ өңірлердің дамуына мықты импульс берді.

Жаңа теміржолдардың бойында жаңа станциялар пайда болды, қажетті әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырылды, жаңа үйлер мен әлеуметтік объектілер салынды.

Экономика жоғары деңгейде болған 2000 және 2008 жылдар аралығындағы кезеңде Компания 1991 жылға дейін қалыптастырылған өндірістік активтердің тіршілік циклының аяқталғанына қарамастан тасымалдау көлемінің жылдық жеті пайыздық өсімін ойдағыдай орындап отырды.

Сондықтан 2008 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ активтерді жетілдіру бағдарламасын іске асыруға кірісті.

Осы уақыт ішінде 1000-нан астам локомотив, 37,5 мың жүк вагон, 1500-ге жуық жолаушы вагоны жаңартылды, 4 700 км көлемінде жолды жетілдіру мен күрделі жөндеу жүзеге асырылды.

Мемлекеттің индустрияландыру және импорт алмастыру саясатын ескере отырып, Компания «Alstom», «General Electric», «Talgo», «Siemens» сияқты және т.с.с. әлем көшбасшыларымен әріптестікте өз өндірісін ұйымдастыру есебінен активтерін жетілдірді.

Бүгінгі таңда елімізде заманауи жүк және жолаушы вагондары, тепловоздар, электровоздар, рельстер, жолдың үстіңгі қабат материалдары мен жинақтаушы бөлшектері шығарылады.

Қазақстандық зауыттар өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары, олар 2012 жылдан бері Еуразиялық құрлық елдеріне жеткізілуде.

Заманауи «Тальго» жолаушы вагондарының отандық өндірісін дамыту «ҚТЖ» ҰК» АҚ-қа Жолаушыларды жоғары жылдамдықпен тасымалдауды ұйымдастыру бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні Қазақстанның барлық ірі қалалары жоғары жылдамдықты жолаушы маршруттарымен байланысқан, олар бойынша отандық өндірістің заманауи жайлы вагондарынан құрылған поездар қатынауда.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылға дейін көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жаңа бағдарламаны қабылдады, оның шеңберінде келесі іс-шаралар:

  • Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде теміржол көлігі мәселелері бойынша халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • қатынас түрлері бойынша жүк тасымалдау тарифтерін біріздендіру;
  • әлеуметтік мәні бар облысаралық қатынастар бойынша теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялаудың жаңа тетіктерін енгізу жұмысына бастама білдіру;
  • Компанияның холдингтік құрылымын оңтайландыру және бейінді емес және бейінді-қосалқы активтерді бәсекелес ортаға иеліктен шығару;
  • «ҚТЖ» ҰК» АҚ негізінде барлық көлік түрлерінің қызметтерін көрсететін біртұтас орталықты құру және көлік активтерін біріктіру арқылы логистика мен транзиттік мультимодальдық тасымалдарды қарқынды дамыту іске асырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес 2011 жылдан бері «ҚТЖ» ҰК» АҚ бизнесі қарқынды трансформациялануда.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол компаниясынан Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және жаһандық инфрақұрылымды біріктіру міндеті қойылған көлік-логистика холдингі болып қайта құрылды.

Бүгін «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол және теңіз тасымалдарын жүзеге асыруда, көлік-логистика орталықтары, сондай-ақ теңіз порты, әуежай және автожол инфрақұрылымы қызметтерін көрсетуде.

Компания Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыруға қатысуда, көлік активтерін жетілдіруді жалғастыруда, құрғақ жүк кемелері мен паром флотын дамытуда, халықаралық көлік дәліздерін институционалдық дамытуға және тасымалдарды жүзеге асыру кезіндегі физикалық кедергілерді жоюға қатысуда.

 






«ҚТЖ» ҰК» АҚ трансформациясы
«ҚТЖ» ҰК» АҚ трансформациясы
«ҚТЖ» ҰК» АҚ приватизациясы
«ҚТЖ» ҰК» АҚ приватизациясы
© АО «НК «Қазақстан темір жолы»
Политика информационной безопасности
Ваш отзыв очень важен для нас
Оценка дизайна web-сайта